Алматының қайталанбас үні

Алматыға 5-шi желтоқсаны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ғимаратында орналасқан қалалық мұнара сағаты енді жаңаша жұмыс істейтін болады – әр сағат сайын музыкалық әуен ойнайды. Аталған сағаттың тұсаукесері консерваторияның Үлкен концерт залының алдында болып өтті.

Сағат механизмін куранттарға ауыстыру жұмыстары 2009 жылы басталып, үстіміздегі жылдың қазанында аяқталған болатын. Алматылықтарға бұл сыйды Қазақстан тәуелсіздігінің 20-жылдығы қарсаңында «Алматы қаласының музыкалық сағаты» жобасына қатысушылар жасаған болатын. Солардың ішінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Алматы қ. Алмалы ауданының әкімдігі, Қазкоммерцбанк пен «Құс Жолы» қайырымдылық қоры, «Наш город» тауарлар мен қызметтер бойынша анықтама редакциясы, «Плюс» газеті мен «Классика» музыкалық агенттігі. Жобаның ақтық жұмыстарында Т.Тынышпаев атындағы Қазақ транспорт және байланыс академиясы мен Алматы технологиялық университеті де қолдау көрсетті. Ал Қазақстанның бас музыкалық оқу орнының ғимаратына музыкалық әуен ойнайтын сағаттарды орналастыру идеясын Қазкоммерцбанк ұсынған болатын. Өйткені банк консерваторияның бұрыннан келе жатқан серіктестерінің бірі.

«Жағдайды Қазкоммерцбанкпен бірге талқылап, ақыр аяғында сағат механизмін куранттарға ауыстыру туралы шешім қабылдадық, — деді баспасөз өкілдерімен сөйлескен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ректоры Жания Әубәкірова. — Әлемнің көптеген қалаларында музыкалық әуен ойнайтын сағаттар бар. Мәселен, Лондондағы танымал Биг Бен сағаты – Тұманды Альбион астанасының қайталанбас символы».

«Қаламыздың ажарланып, өзгергені біз үшін маңызды. Аталған мұнара сағаты енді әлемдік және қазақ классикасының әуендерін «шырқайтын» болады. Бұл өз кезегінде ауысып отыратын уақыт пен мәдениеттің, ауыспалы ұрпақтың өзіндік бір символы болмақ», — деді Қазкоммерцбанктің басқарушы директоры Мағжан Әуезов.
«Алматы қаласының музыкалық сағаты» жобасы әлеуметтік жағынан маңызды, шынайы халықтық жоба болып табылады. Өйткені алматылықтар «Наш город» анықтамасының он мыңға жуық данасын сатып алу арқылы жобаның жүзеге асуына аз да болса, өз үлестерін қосты», — деді «Наш город» анықтамасы мен «Плюс» газетінің бас редакторы әрі директоры Елена Саенко.

Сағат құрылысы австриялық Schauer&Sachs шығарған күрделі 13 қоңыраудан (колокол) тұрады. Әр қоңырау компьютерге қосылған 13 музыкалық пернетақтаның клавишіне сәйкес келеді. Соның арқасында мұнара әуенін өз бетінше басқарып, мелодияларын таңдап, ауыстырып тұруға болады.
Сондай-ақ сағат механизміне GPS–навигациясы орналастырылған, соның көмегімен уақыттың дұрыс көрсетуін қадағалауға болады. Ал циферблатты электронды басқарудың арқасында тәуліктің қараңғы мезгілінде сағатқа жарық түсіп тұрады.

Қазкоммерцбанк пен «Құс Жолы» қайырымдылық қоры үшін Алматы сағаттары – Қазақстан тәуелсіздігінің 20-жылдығына және Қазкоммерцбанктің мерейтойына орай өткізіліп жатқан «20 игі шара» атты акцияның шеңберіндегі он төртінші сый.