Біздерді тани біл

Біздерді тани біл

Спорт адамның денсаулығына жағымды әсер тигізіп ғана қоймай, өмір сүруге деген құлшынысты арттырады. Өйткені, денсаулық әрбіріміздің және бүкіл халықтың баға жетпес байлығы.

2006 жылы «Құс Жолы» қоры «Біздерді тани біл» кезекті қайырымдылық жобасын ұсынды. Бұл республикалық деңгейдегі жоба болып саналады, аталған жобаға тек мектеп оқушылары қатыса алады.

Жобаның басқалардан артықшылығы, ол өзінің әлеуметтік қызметінде екі тұжырымдамалық бағытта жұмыс атқарады: қайырымдылық және дені сау ұрпақ тәрбиелеуді насихаттайды.

Жобаның міндеті:

  • Мектеп оқушыларының көңілін салауатты өмір салтына аудару;
  • Республикамыздың елді мекендерінде спорттың белгілі бір түрін дамытуға көмек беру;
  • Жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру;
  • Балалар қылмысының өсімін азайту, маскүнемдікке, наркоман болуларына жол бермеу;
  • Аймақтарда бірлескен жауапкершілікті насихаттау.

Мектеп оқушыларының демалысы күндерінде спорттың әр түрі бойынша жарыстар өткізіледі. Аталмыш жоба жастарымыздың жетекші спорт тәртібіне үйренуіне, сондай-ақ, олардың спортпен әуестенуіне мүмкіндік береді.

Жобаның қайырымдылық бөлігі болып саналатын нәрсе, «Құс Жолы» қоры жеңімпаз командаларға сыйлық ретінде медаль мен алғыс хаттың орнына, спорттық бұйым және киім-кешек табыс етеді, бұл олардың келешек спортсмен ретінде кәсіби өсуіне мүмкіндік береді. Бәлкім, бұл балалардың арасынан әлемдік спорт ареналарында Қазақстан Республикасының абыройын қорғайтын мықты чемпиондар шығар!

2010 жылы «Құс Жолы» қоры мектеп оқушыларының демалыс кезеңінде «Біздерді тани біл!» жобасы аясында Қазақстанның 13 қаласында және жақын ауылдарында жарыс өткізді. Негізгі спорт түрлеріне (мини-футбол, баскетбол, волейбол, пинг-понг) мынадай спорт түрлері де қосылды: қазақша күрес, бокс, суда жүзу және ат жарыстыру спорты.