«Әлемнің жарығын сен де көр, күнім!». «Періште» Қарағандыға келді

27.10.2015

Қарағанды облыстық перинаталдық орталығы «Періште» қайырымдылық жобасының шеңберінде ретинопатия диагнозы қойылған шала туылған сәбилерге шұғыл ота жасауға арналған офтальмологиялық лазерді сыйға алды.

Негізінде ретинопатия ауруы шала туылған балаларда кездеседі. Өйткені олар көздерінің қан тамырлары жеткілікті дамымай дүниеге есігін ашады. Бір өкініштісі, соңғы жылдары Қазақстанда осы дертке шалдыққан сәбилердің саны күннен күнге артуда.
Көз аурулары ҒЗИ мамандарының мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан Республикасында ретинопатия өсімі 9,8-12% құрайды, ал шала туылған сәбилердің арасында бұл дертке шалдығу жиілігі 36-38,2% аралығында, 2010 жылы 26,2% болатын.

Елімізде жыл сайын шамамен 22 мың сәби мерзімінен ерте туылады. Ал Қарағандыда шала туылған нәрестелердің саны жылына шамамен 1000 сәбиді құрайды. Қарағанды облысы еліміздегі ірі аймақтардың бірі, шала туылған сәбилердің саны да жылдан жылға жоғары көрсеткіш көрсетуде, шамамен 16-18%. Қарағанды облыстық перинаталдық орталығында жүктіліктің 34 аптасына дейін жеткен келіншектерді босандырып ала алады екен.

Алайда шала туылған сәбилердің көз торы уақытылы диагностикадан өткізілмей, керек болған жағдайда шұғыл ота жасалмаса, сәби көз жанарын айырылады.

Ретинопатия ауруының белең алып бара жатқанын ескеріп, «Құс Жолы» қайырымдылық қоры көз аурулары ҒЗИ-мен бірге, Қазкоммерцбанктің қаржылай көмегімен екінші жыл қатарынан арнайы «Періште» қайырымдылық жобасының шеңберінде еліміздің перинаталды орталықтарына офтальмологиялық лазерлер сыйға тартуда.

Ретинопатия ауруын шұғыл түрде емдеу мақсатында 2015 жылы офтальмологиялық лазерлер Павлодар, Атырау, Қарағандыдағы перинаталдық орталықтары мен Шымкенттегі облыстық балалар ауруханасына орнатылған еді. Ал өткен жылы Алматы, Астана және Өскемен қалалары алған болатын. Офтальмолог дәрігерлер келешекте лазермен жұмыс істеу үшін арнайы оқудан да өтті. Нәтижесінде, екі жыл ішінде «Құс Жолы» қайырымдылық қоры балалар медициналық мекемесіне 7 офтальмологиялық лазерді табыс етті.

«Шала туылған балаларда ретинопатия ауруы белең алып барады. Кесірінен, балалық шақтан көз бойынша мүгедектік алған балалардың саны өсуде. Бұл — сәбилердің әке-шешелеріне де үлкен қайғы-қасірет. Сондықтан жаңа туылған нәрестелерге ота жасауға дайын мамандарымызда енді керекті жабдық болатыны қуантады, — деді Қарағанды қ. «Облыстық перинаталдық орталығының» бас дәрігері Сәуле Аманбекова.

Ертеректе ретинопатия дерті қойылған сәбилерді қарау балалардың өмірі мен денсаулығына қауіпті еді. Өйткені сәбидің салмағы мен туылған уақытына қарамастан ретинаталдық камерамен қарау немесе шұғыл емдеу үшін Астанаға жеткізу керек болатын. Ретинопатия кезінде уақытты өткізіп алмай, офтальмологиялық лазердің көмегімен шұғыл көмек көрсетілуі тиіс.

«Офтальмологиялық лазерді біз клиенттеріміз бен серіктестеріміздің арқасында сатып алдық десек те болады. Өйткені олар банктің қоғам үшін маңызды әрі пайдалы жобаларын жүзеге асыруға көмектерін беріп, жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Ал банк, өз кезегінде, өз клиенттеріне банктік өнімдерді пайдалану арқылы қайырымдылық жобаларына оңай әрі тез атсалысуға мүмкіндік беруде», — деді «Қазкоммерцбанк» АҚ Қарағанды филиалының директоры Қайрат Әлімқұлов.

Ағымдағы жылы Қазкоммерцбанк «Періште» жобасының аясында заманауи медициналық құрылғыларды сатып алу үшін 27,3 млн теңге жұмсады. Жобаға банктің клиенттері – «Періште» Visa төлем картасының ұсташылары да қосымша өз үлестерін қосты. Банк клиенттерінің қайырымдылық картасын пайдаланып жүргізген әр төлемнің 0,15% «Құс Жолы» қайырымдылық қорына аударылған еді.
Жалпы, «Құс Жолы» қорының қайырымдылық акцияларына кез-келген адам Homebank.kz интернет порталының көмегімен немесе Қазкоммерцбанктің бөлімшесінде ақша аудару арқылы қатыса алады және бұл қаражаттың мақсатты қолданылуын бақылай алады. 2015 жылдың басынан бері Homebank.kz қаржы порталының «Қызметтер/Қайырымдылық» бөлімі арқылы 6,4 млн теңге көлемінде қайырымдылық қаражаты жиналды.

Бүгінгі күні Казком – қайырымдылыққа арналған арнайы төлем картасын шығаратын Қазақстандағы бірегей банк.

Анықтама үшін:
«Періште» жобасын жүргізіп келе жатқан бірнеше жылдың ішінде Казком мен «Құс Жолы» қоры еліміздің 5 медициналық мекемесін жалпы сомасы 142,6 млн теңгені құрайтын реанимациялық, емдеу және ота жасау құрылғылармен жабдықтаған болатын. Осы мекемелерде заманауи медициналық құрал-жабдықтарды қолдану нәтижелері де көңілден шығады:
2011 жылдан 2014 жылға дейін Балқаштың қалалық емханасында реанимациялық құрылғы орнатылған соң, сәбилердің шетінеуі 46% төмендеген.
Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар аудандық ауруханасында жаңа туылған перзенттердің өлімі 2012 жылдан бері 35% азайған.
2013 жылы Жамбыл облысындағы Мерке аудандық ауруханасының босану мен операциялық бөлімі толығымен жабдықталған еді. Бұған дейін өлім көрсеткіші 26,8% құраған-ды.

27 қазан 2015 жыл