«Әлемнің жарығын сен де көр, күнім!». «Періште» Шымкентке келді

22.10.2015

«Періште» жобасының аясында Қазкоммерцбанк пен оның «Құс Жолы» қайырымдылық қоры Облыстық балалар ауруханасына шала туылған нәрестелерде жиі кездесетін ретинопатия дертіне шұғыл ота жасауға арналған офтальмологиялық лазерді сыйға тартты.

ДСҰ-ның ұсынысы бойынша Қазақстан шала туылған нәрестелерді күту стандарттарына өткеннен соң, жыл сайын елімізде жаңа туылған сәбилер арасында көз жанарының нашар дамуы – ретинопатия ауруы жиілеп кетті.

Көз аурулары ҒЗИ мамандарының берген деректеріне сәйкес, Қазақстан Республикасында ретинопатия ауруының 9,8-12% өсуі байқалады, ал шақалақ нәрестелер арасында осы ауруға шалдығу 2010 жылдың 26,2%-мен салыстырғанда шамасы 36-38,2% жиілеп кеткен.

Жыл сайын Қазақстанда мерзімінен бұрын 22 мыңға жуық сәби туылады екен. Салмағы өте төмен сәбилердің дүниеге келу көрсеткіші Оңтүстік-Қазақстан облысында жоғары — жылына шамасы 4 000 нәресте.

Жаңа туылған нәрестелердің көз жанарын дер кезінде тексермеу және дәрігерлердің шұғыл ота жасай алмауы келешекте сәбидің зағип болуына әкелген.

Міне, осы мәселені шешу үшін «Құс Жолы» қайырымдылық қоры көз аурулары ҒЗИ-мен бірлесе отырып, өзінің жеке «Періште» қайырымдылық жобасының аясында Қазкоммерцбанктің қаржыландыруымен екі жыл қатарынан перинаталдық орталықтарды қажетті медициналық лазерлік құрылғылармен жабдықтауда.

Үстіміздегі жылы ретинопатия дертін алдын алу мақсатында Павлодар, Атырау, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы облыстық балалар ауруханасының перинаталдық орталықтарына офтальмологиялық лазерлер сыйға тартылды. Былтыр аталған лазерлер Алматы, Астана және Өскемен қалаларында орнатылып, офтальмолог дәрігерлердің барлығы заманауи медициналық құрылғы — лазермен жұмыс істеу үшін арнайы оқытылған болатын. Осы екі жыл ішінде «Құс Жолы» қайырымдылық қоры медициналық мекемелерге 7 заманауи офтальмологиялық лазерді сыйға тартты.

«Біз «Періште» жобасының биыл Оңтүстік-Қазақстан облысына келгеніне қуаныштымыз. Расында да, еліміздегі туу көрсеткіші ең жоғары аймақ – біздің облыс. Сол себепті біз Қазкоммерцбанк пен «Құс Жолы» қорының аймақтағы сәбилердің денсаулығын қорғап қалу үшін қосқан үлестерін жоғары бағалаймыз. Енді, біздің сәбилеріміз де әлемнің жарығын көре алады», — деді Әнуарбек Маймақов, ОҚО ДБ Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері.

Бұрын көз жанарына шұғыл ота жасау үшін шақалақтарды Астана мен Алматы қалаларына жіберетін, өкінішке қарай, тасымалдау кезінде сәби көздерінің ішкі тор қабығына зақым келетін. Ал ретинопатия кезінде офтальмологиялық лазер арқылы шұғыл ота жасау өте маңызды.

«Бала денсаулығын сақтауға бағытталған отандық жобаларды қолдау қазақстандық жеке компаниялар үшін жақсы дәстүр. Корпоративтік әлеуметтік бизнестің қағидаларын сақтай отырып, БҰҰ-дың Жаһандық келісімнің қатысушысы ретінде Қазкоммерцбанк және «Құс Жолы» қоры осымен 8-ші жыл қатарынан ҚР ана мен бала өлімі көрсеткішін азайтуға бағытталған «Періште» қайырымдылық жобасын іс-жүзіне асырып келеді», — деді Нұрбол Нұсқабеков, «Казкоммерцбанк» АҚ Шымкент филиалы директорының орынбасары.

Ағымдағы жылы Қазкоммерцбанк «Періште» жобасының аясында заманауи медициналық құрылғыларды сатып алу үшін 27,3 млн теңге жұмсады. Жобаға банктің клиенттері – «Періште» Visa төлем картасының ұсташылары да қосымша өз үлестерін қосты. Естеріңізге сала кетейік, банк клиенттері қайырымдылық картаны пайдаланып, жүргізген әр төлемнің 0,15% «Құс Жолы» қайырымдылық қорына түседі.

Сондай-ақ «Құс Жолы» қорының қайырымдылық акцияларына кез-келген адам Homebank.kz интернет порталының көмегімен немесе Қазкоммерцбанктің бөлімшесінде ақша аудару арқылы қатыса алады және бұл ақшаның мақсатына сай жұмсалғанын бақылай алады. 2015 жылдың басынан бері Homebank.kz қаржы порталының «Қызметтер/Қайырымдылық» бөлімі арқылы қайырымдылыққа 6,4 млн теңге жиналған болатын.

Бүгінгі күні Казком – қайырымдылыққа арналған арнайы төлем картасын шығаратын Қазақстандағы бірегей банк.

22 қазан 2015 жыл