Астана қаласындағы Перинаталдық орталыққа офтальмологиялық лазерді табыстау

13.11.2014

2014 жылғы 12 қараша, Алматы қ. – «Құс Жолы» қайырымдылық қоры мен Қазкоммерцбанк «Періште» жобасының аясында Астана қаласындағы № 1 перинаталдық орталығына шала туылған нәрестелерде жиі кездесетін ретинопатия дертіне шұғыл ота жасауға арналған офтальмологиялық лазерді сыйға тартты.

2008 жылдан бері «Құс Жолы» қоры мен Қазкоммерцбанк басты мақсаты елімізде сәбилер мен аналар өлімін азайту мен балалардың денсаулық сақтау болып табылатын «Періште» жобасын іс-жүзіне асырып келеді.

ДСҰ-ның ұсынысы бойынша Қазақстан шала туылған нәрестелерді күту стандарттарына өткеннен соң (2008 жылдан бері) елімізде жаңа туылған сәбилер арасында мүгедектікке алып келетін жағдайлар жиілеп кетті. Оған келешекте көз көруі нашарлап, немесе, мүлдем жанарынан айырылатындай жағдайға әкеп соғатын шала туылған балалар арасында болатын  ретинопатия ауруы, яғни көз тамырларының нашар дамуы себеп болып табылады. Міне, осы аурудың алдын алу үшін сәби өмірінің бірінші аптасында дұрыс диагноз қойылып, шұғыл ота жасалуы қажет. Өкінішке қарай, бұл аурудың алдын алу мерзімі өте қысқа, егер де емдеу уақыты өтіп кететін болса, дәрігерлер сәбидің көз жанарын сақтап қала алмайды екен. Бұл аурудың алдын алудың негізгі қиындығы — елімізде білікті мамандар мен арнайы офтальмологиялық лазерлердің жоқтығы.

Міне, осы себепті «Құс Жолы» қайырымдылық қоры перинаталдық орталықтарды қажетті медициналық лазерлерік құрылғылармен жабдықтауды жөн көрді. Көз аурулары ҒЗИ басшыларының ұсынысы бойынша қор Алматы, Өскемен және Астана қалаларындағы перинаталдық орталықтарына үш құрылғыны сатып алды. Бұл орталықтарда туу көрсеткіштері жоғары әрі қажетті білікті офтальмолог мамандар бар болғандықтан, таңдау осы орталықтарға түсті.

«Нәрестелерімізге осындай сый жасағандары үшін  Қазкоммерцбанк пен «Құс жолы» қайырымдылық қорына алғысымыз шексіз. Бір өкініштісі, мерзімінен бұрын туылған сәбилерге ретинопатия диагнозы қойылса, олар келешекте қос жанарынан айырылуы мүмкін. Алайда енді кішкентай «періштелерімізге» перинаталдық орталықтың қабырғасында көмек көрсете алатынымыз қуантады», —  деді Валентина Гергерт, Астана қ. № 1  перинаталдық орталық директорының емдеу-алдын алу істері жөніндегі орынбасары.

Жаңа лазерлік құрылғы шала туылған нәрестелердегі ретинопатия ауруын алдын алуға, оны емдеуге, сонымен сәбилердің көз жанарын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Құрылғыны шығарушы компанияның (Германия) Алматы мен Астана қалаларында офтальмолог мамандарды арнайы оқытатын  орталықтары бар. Бұл дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, оларға жақын жерден күрделі медицина саласында біліктілікті жоғарылатуға мүмкіндікті береді. Жобаның көп жылдан бері серіктесі болып табылатын «Медико-инновациялық технологиялары» компаниясы болса қайырымдылық шарасы ретінде бұл мамандардың біліктілігін арттыру үшін оқытуды өз мойнына алды.

«Банктің өнімдері мен қызметтерін пайдалана отырып, банк клиенті «Періште» жобасына, жалпы қайырымыдылық шарасына өз үлесін қосатыны қуантады», — деді Қазкоммерцбанктің басқарушы директоры әрі «Құс Жолы» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Александр Якушев.

Казком – қайырымдылыққа арналған арнайы төлем картасын шығаратын Қазақстандағы бірегей банк. Қазкоммерцбанктің клиенттері қайырымдылыққа қосымша ақша аудармайды, қайырымдылық картасын пайдаланып, жүргізген әр төлемнің 0,15% «Құс Жолы» қайырымдылық қорына түседі. Міне, бұл ақшаға Қазкоммерцбанк қайырымдылық жарна ретінде өз қаражатынан қосымша үштен екі бөлігін қосады, нәтижесінде жобаның соңғы бюджеті қалыптасады. Сондай-ақ «Құс Жолы» қорының қайырымдылық акцияларына кез-келген адам Homebank.kz интернет порталының көмегімен немесе Қазкоммерцбанктің бөлімшесінде ақша аудару арқылы қатыса алады әрі бұл қаражаттың мақсатты қолданылуын бақылай алады.

«Періште» жобасын жүргізіп келе жатқан бірнеше жылдың ішінде  Казком мен «Құс Жолы» қоры еліміздің 5 медициналық мекемесін жалпы сомасы 142,6 млн теңгені құрайтын реанимациялық, емдеу және ота жасау құрылғылармен жабдықтаған болатын. Осы мекемелерде заманауи медициналық құрал-жабдықтарды қолдану нәтижелері де көңілден шығады:

  •  2011 жылдан 2014 жылға дейін Балқаштың қалалық емханасында реанимациялық құрылғы орнатылған соң, сәбилердің шетінеуі 46% төмендеді.
  • Шығыс – Қазақстан облысындағы Үржар аудандық ауруханасында жаңа туылған перзенттердің өлімі 2012 жылдан бері 35% төмендеген.
  • 2013 жылы Жамбыл облысындағы Мерке аудандық ауруханасының босану мен операциялық бөлімі толығымен жабдықталған еді. Бұған дейін өлім көрсеткіші 26,8% құраған-ды.