Бүгін мерзімінен ерте туылған сәбилердің күні

17.11.2015

Жыл сайын бүкіл дүние жүзінде шамамен 15 миллион нәресте мерзімінен ерте туылады. Орташа есеппен алғанда бұл — он баланың біреуі. Ал Қазақстандағы мерзімінен ерте туылған шақалақтар саны шамамен 22 мың.
Әрине, бұндай балалар бірінші күннен бастап ерекше қамқорлықты қажет етеді. Өйткені олардың салмағы аз, қан қысымы төмен және денсаулықтарының басқа да ақаулары артып жетіледі. Сондай-ақ олар ретинопатия ауруына да жиі шалдығады. Міне, сол себепті «Құс Жолы» қайырымдылық қоры еліміздің бірқатар қалаларындағы медицина мекемелеріне офтальмологиялық лазерлерді сыйға тартты. Енді дәрігерлер ретинопатия диагнозы қойылған шұғыл түрде отаны қажет ететін балаларға өздері көмектесе алады.

Естеріңізге салай кетейік, үстіміздегі жылы аталған лазерлер Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Атырау қалаларындағы перинаталдық орталықтарына берілді. Ал өткен 2014 жылы – Алматы, Астана және Өскемен қалаларына. Сондай-ақ лазермен жұмыс істеу үшін офтальмолог дәрігерлер арнайы оқудан да өтті.

Айта кетейік, офтальмологиялық лазерлер «Құс Жолы» қорының «Періште» жобасының шеңберінде сатып алынды. Бұл жоба қордың қайырымыдылық акцияларына қатысатын, балалардың денсаулығына бей-жай қарамайтын әр клиенттің, әр азаматтың арқасында жүзеге асты.

17 қараша 2015 жыл