«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен «Құс Жолы» қайырымдылық қоры кәсібін жаңадан бастаған мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге арналған бірлескен жобаны іске қосады

05.04.2012

27 наурыз 2012 жыл, Алматы қ. — Бүгін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен «Казкоммерцбанк» АҚ басшылығы құрған корпоративтік «Құс Жолы» қайырымдылық қоры кәсібін жаңадан бастаған мүмкіндігі шектеулі адамдардың кәсіпкерлігіне арналған «Жұлдыздарға қара» — «Посмотри на звезды» жобасын бірлесіп іске асыру туралы Келісімге қол қойды.

Жоба мүмкіндігі шектеулі адамдардың бизнес-идеясын мақсатты түрде дамытуға гранттар бөлу арқылы олардың өздерінің әлеуметтік теңсіздігін кәсіпкерлікпен жеңуіне қолдау көрсетеді. Жобаның жалпы бюджеті 8 млн теңге. Жоба Қазақстанның 16 аймағында 2012 жыл бойына жүзеге асырылады.

Жобаға жасы 18-дегі не одан асқан 1-ші немесе 2-ші топтағы мүгедектер, кәсіпкерлігін жаңадан бастаған (өздерінің ЖК алғаш рет 2011 ж. 01.01-ден кейін тіркеген), өздерінің машықтары мен білімдерін, тәжірибесін жеке өзінің азаматтық және кәсіби тұрғыдан жетілуі үшін пайдаланғысы келетін Қазақстан азаматтары қатыса алады.

«Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мүгедектердің проблемасын тиімді шешу мемлекеттік белсенді қолдауды қажет етеді, дәл осы мақсатта «Даму» қоры мүгедектерге қажет көмек көрсетуді көздейтін «Даму-Көмек» бағдарламасын әзірлеп, табысты іске асырып келеді, — деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. — Бірақ бізге мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайын жақсарту туралы бастама тек олардың өздері мен әлеуметтік бірлестіктерден ғана емес, демеушілік және басқа да қажет көмек көрсеткісі келетін бизнес-құрылымдардан да шығып отырғаны қуантарлық факті».

«Жұлдыздарға қара» — «Посмотри на звезды» жобасы — «Даму» қорының әкімшілік ресурстарын, «Құс Жолы» қорының кәсіби тәжірибесін және Қазкоммерцбанктің қаржылық ресурстарын біріктірудің көрінісі. Бұл сондай-ақ, Қазақстанның барлық аймақтарында іске асырылатын ауқымы жағынан теңдессіз әлеуметтік жобаны іске асыруға деген талпыныс. Жобаны іске асырудың негізі ретінде алынған маңызды принцип — ол іріктеу үдерісінің ашықтық принципі. Осы мақсатта жобаға ақпараттық серіктестер ретінде бұқаралық ақпарат құралдары да қатысады.

Аталған жоба — мемлекеттік ұйымның және жеке меншік қаржылық компанияның мүгедектерді әлеуметтік қолдауда қолайлы жағдай жасау мен олардың бизнес белсенділігіне тең мүмкіндік жасау үшін бірлесе күш жұмсау негізінде балама платформа жасауға деген айтарлықтай талпыныс.

«Тағдыр тәлкегімен өмірдің қилы сынағына душар болған, алайда оған мойымай, тек алға ұмтылып жүрген азаматтардың әрекеті біз үшін өнеге және ол кісілерді құрмет тұтуға негіз болмақ. Осы орайда «Құс жолы» қоры тарапынан бес жыл бойы атқарылып келе жатқан «Жұлдыздарға қара» жобасы біз үшін өте маңызды. Биылғы жылдан бастап бұл жобаны «Даму» қорымен бірлесе атқаратындығымыз бізді қуантып отыр. Осы қадам арқылы бізге бұл жобаны бұрынғыдан да қолжетімді әрі аясын кеңейтуге мүмкіндік туып отыр», — деп «Құс Жолы» қайырымдылық қорының президенті Мағжан Әуезов мәлім етті.

Анықтама:

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ әзірлеген мүгедек-кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдаудың «Даму-Көмек» бағдарламасы «Даму» қорының 2009-2013 жылдарға арналған стратегиялық даму аясындағы шаралардың қисынды жалғасы болып табылады.
Аталған бағдарламаның шеңберінде «Даму» қоры жұмыс істеп жүрген және істерін жаңа бастаған, бизнесін жүргізуде немесе ашуда белгілі бір проблемалары бар мүгедек кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастама танытқан мүгедектердің мәселелерін шешу үшін шынайы мүмкіндіктері бар ұйымдардың, соның ішінде жеке тұлғалардың арасындағы байланыстырушы буын болып табылады.
2009 жылдан бастап бағдарламаның сайтына 690 өтініш жарияланды, оның 370-і қолдау тапты.

«Құс жолы» қайырымдылық қорын 2004 жылы Қазкоммерцбанктің топ-менеджерлері корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыру мақсатында құрған. Қордың бюджеті таза кірістен жасалатын төлемдерден және банк қызметкерлерінің, әріптестерінің және клиенттерінің ерікті қайырымдылық қаржылары есебінен қалыптасады. Жобаларын бүкіл республика бойынша Қазкоммерцбанктің филиалдары арқылы жүзеге асырады.

Жобаның тарихынан:
«Жұлдыздарға қара…» жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жоба белсенді өмірлік позициясы бар мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдауға бағдарланған. 2005 жылдан бастап өз ісін дамытуға 548-ге жуық адам өтініш берген. 187 адам конкурстық негізде «Құс жолы» қоры ұсынған гранттың иелері атанды. Ең белсенді 16 адам ойларын сәтті жүзеге асырып, грантты мақсатты түрде қолданғандары үшін ынталандыру гранттарын алды.