Қазкоммерцбанктің «Періштесі» Алматыдағы екі неонаталды орталықтарына қажетті медициналық құрылғыларды табыстады

19.03.2014

Алматы қ., 2014 жылғы 19-шы наурыз – Қазкоммерцбанктің «Құс Жолы» қайырымдылық қоры «Періште» атты қайырымдылық жобасының аясында, сәбилерге арналған фототерапия құрылғыларын сатып алып, оларды «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» мен «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығындағы» неонатология мен балалар хирургиясы бөлімдеріне табыстады. 

Жыл сайын осы екі мекемеде туылған 300-ден артық нәресте, билирубиннің асқынуынан сарғаю синдромына дұшар болады. Олар осы фототерапияны қажет етеді. Сәби бойында билирубиннің артық көлемі оның жүйке жүйесі мен миына өз әсерін тигізеді. Міне, осы жағдайда дәрілік препараттарды қолданбай-ақ жаңа туылған нәрестедегі патологиялық сарғаюды фототерапия нәтижелі емдейді екен. Осыған байланысты Педиатрия және Акушерия орталықтары аталған қайырымдылық қорына хат жазып, фототерапияға арналған шамдардың қажеттілігі туралы хабарын берді. 


«Біздің емханаға туыла біткен аурулары бар нәрестелер республиканың жан-жағынан емделуге жіберіледі. Олардың ішінде, қандарында билирубиннің артық болуынан осы сарғаю ауруына душар болғандар да аз емес. Енді міне, фототерапияға арналған жаңа құрылғылардың арқасында нәрестелер жақсы ем ала-алатын болды. Біз «Құс Жолы» қорына шексіз алғысымызды білдіреміз», — деді өз сөзінде Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Талғат Құдайбергенов. 

Фототерапияға арналған төрт құрылғының қаражатын Қазкоммерцбанктің клиенті – өз атын жасырын ұстағысы келген қазақстандық компанияның бірі бөлген болатын. Құрылғылардың жалпы сомасы 2,3 миллион теңгені құрады. 


«Әрине, бізде өзіміз қолданып келген шырақтарымыз да бар еді. Алайда, олардың саны жеткіліксіз, сол себепті біз осы сыйлақтарға сондай ризамыз, — дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының неонатология және балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дилара Качурина. – Ең бастысы ем алу процессі үзілмеу керек, ал ол үшін шырақтардың саны да көп болу керек. Біздің бөлімшемізге негізінен ерте туылған, салмақтары мүлдем аз сәбилер келіп түседі, солардың 60-70 пайызының өзі осы фототерапияға зәру». 

«Періште» жобасы жыл сайын Қазкоммерцбанктің клиенттері – балалардың суреттері бейнелген төлем карталарын ашу арқылы қолдануға алатын компаниялар мен жеке тұлғалардың арқасында іс-жүзіне асырылып келеді. Себебі, карта шығару үшін алынатын комиссия банктің пайдасына емес, қайырымдылық жобасына тікелей түседі. 

«Періште» жобасы ашылғалы бері, 2008 жылдан бастап 2013 жылға дейін мерзімде жаңадан туылған нәрестелердің өмірін сақтап қалу мақсатында 5 босану және операциялық бөлімдеріне жалпы сомасы 141,6 млн. теңгені құрайтын құрылғылар орнатылған.