«Құс Жолы » қоры ЮНИСЕФ балалар қорының Шығыс Қазақстан облысындағы аймақтық жобасын қолдады

07.08.2012

Қазкоммерцбанктің «Құс Жолы» корпоративтік қайырымдылық қоры БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорымен бірлесе отырып, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 3 жасқа дейінгі балалардың құтаюы мен өмірінің дұрыс басталуын қамтамасыз етуге бағытталған қайырымдылық жобаны жүзеге асыра бастады. 16 млн. теңгеге жуық қор қаржысы ШҚО әйелдерге кеңес беру бөлімдері, емханалары мен перзентханаларындағы денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін оқытуға, болашақ аналардың босану алдындағы дайындығына, босанған науқас әйелдерге үй жағдайында медициналық қызмет көрсету мен 3 жасқа дейінгі балалардың күтіміне жұмсалмақ. Сонымен қатар, перзентхаларға жаялық сатып алынып, «ДДСҰ/ЮНИСЕФ ұсыныстары негізінде әзірленген Болашақ аналарға арналған нұсқаулық», «Балаларды сәби кезінен бастап тамақтандыру, күтім жасауда пайдаланылатын ұсақ-түйек, улану мен жарақат алуына жол бермеу мен жалпы күтім жасау жөніндегі кеңестерден құралған Нәресте дамуының күнтізбесі» мен акушер- гинекологтар, акушерлер, неонатологтар, балалар дәрігерлеріне тегін таратуға арналған басқа да  әдістемелік нұсқаулықтар басып шығарылмақ.