Лазерді Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығына ресми түрде табыстау

04.12.2014

2014 жылғы 3 желтоқсанда, Алматы қ. – «Құс Жолы» қайырымдылық қоры мен Қазкоммерцбанк «Періште» жобасының аясында Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала орталығына шала туылған нәрестелерде жиі кездесетін ретинопатия дертіне шұғыл ота жасауға арналған офтальмологиялық лазерді сыйға тартты.

2008 жылдан бері «Құс Жолы» қоры мен Қазкоммерцбанк басты мақсаты елімізде сәбилер мен аналар өлімін азайту мен балалардың денсаулығын сақтау болып табылатын «Періште» жобасын іс-жүзіне асырып келеді.

ДСҰ-ның ұсынысы бойынша Қазақстан 2008 жылы шала туылған нәрестелерді күту стандарттарына өткеннен соң, елімізде жаңа туылған сәбилер арасында мүгедектікке алып келетін жағдайлар жиілеп кетті. Оған келешекте көз көруі нашарлап, немесе, мүлдем жанарынан айырылатындай жағдайға әкеп соғатын шала туылған балалар арасында болатын  ретинопатия ауруы, яғни көз тамырларының нашар дамуы себеп болып табылады. Міне, осы аурудың алдын алу үшін, сәбиге өмірінің бірінші аптасында дұрыс диагноз қойылып, шұғыл ота жасалуы қажет. Өкінішке қарай, бұл аурудың алдын алу мерзімі өте қысқа, егер де емдеу уақыты өтіп кететін болса, дәрігерлер сәбидің көз жанарын сақтап қала алмайды екен. Бұл аурудың алдын алудың негізгі қиындығы — елімізде білікті мамандар мен арнайы офтальмологиялық лазерлердің жоқтығы.

Міне, осы себепті «Құс Жолы» қайырымдылық қоры перинаталдық орталықтарды қажетті медициналық лазерлік құрылғылармен жабдықтауды жөн көрді. Көз аурулары ҒЗИ басшыларының ұсынысы бойынша қор Алматы, Өскемен және Астана қалаларындағы перинаталдық орталықтарына үш құрылғыны сатып алды. Бұл орталықтарда туу көрсеткіштері жоғары әрі қажетті білікті офтальмолог мамандар бар болғандықтан, таңдау осы орталықтарға түсті.

«Енді ретинопатия диагнозы қойылған нәрестелерімізді басқа емдеу орталықтарына тасымалдаудың қажеті жоқ. Оның үстіне оларды бұл кезде тасымалдау өте қауіпті. Енді бізде офтальмологиялық лазер бар. Қазкоммерцбанк пен «Құс жолы» қайырымдылық қоры осы проблемамызды шешіп бергені үшін оларға алғысымызды білдіреміз», — деді Рая Рахимова, Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының  Ана мен бала орталығының  директоры.

Жаңа лазерлік құрылғы шала туылған нәрестелердегі ретинопатия ауруын алдын алуға, оны емдеуге, сонымен сәбилердің көз жанарын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Құрылғыны шығарушы компанияның (Германия) Алматы мен Астана қалаларындағы офтальмолог мамандарын арнайы оқытатын  орталықтары бар. Бұл дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, оларға жақын жерден күрделі медицина саласында біліктілікті жоғарлатуға мүмкіндік береді. Жобаның көп жылдан бері серіктесі болып табылатын «Медико-инновациялық технологиялары» компаниясы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оларды оқытуды  өз мойнына алды. Бұл компанияның «Періште» жобасына қосқан бір үлесі.    

«Қазақстан бойынша көмекке зәру кішкентай «періштелеріміз» өте көп. Әсіресе, аймақтардағы жағдай қиын. Үстіміздегі жылы «Періште» қайырымдылық жобасы Өскеменге «келгені» бізді қатты қуантады. Ал біз  сыйға тартқан офтальмологиялық лазер Ана мен бала орталығының нәрестелеріне ғана емес, қаланың басқа да перзентханаларындағы сәбилерге көмектесетініне сенеміз», — деді «Казкоммерцбанк» АҚ Өскемен филиалының директоры Берік Шапатов.

Айта кетейік, қараша айында екі офтальмологиялық лазер Астана мен Алматы қалаларындағы перзентханаларға сыйға тартылған болатын. Аталған медициналық құрылғымен бірінші рет Алматы қ. 1400 грамм салмақпен өмірге келген қыз балаға ота жасалған болатын. Ал Астана қ. лазермен ота жасалған ұл бала туылғанда 870 грамм еді. Екеуі де шала туылған және оларға ретинопатия диагнозы қойылған.  

Казком – қайырымдылыққа арналған арнайы төлем картасын шығаратын Қазақстандағы бірегей банк. Қазкоммерцбанктің клиенттері қайырымдылыққа қосымша ақша аудармайды, қайырымдылық картасын пайдаланып, жүргізген әр төлемнің 0,15% «Құс Жолы» қайырымдылық қорына түседі. Міне, бұл ақшаға Қазкоммерцбанк қайырымдылық жарна ретінде өз қаражатынан қосымша үштен екі бөлігін қосады, нәтижесінде жобаның соңғы бюджеті қалыптасады. Сондай-ақ «Құс Жолы» қорының қайырымдылық акцияларына кез-келген адам Homebank.kz интернет порталының көмегімен немесе Қазкоммерцбанктің бөлімшесінде ақша аудару арқылы қатыса алады әрі бұл қаражаттың мақсатты қолданылуын бақылай алады.

«Періште» жобасын жүргізіп келе жатқан бірнеше жылдың ішінде  Казком мен «Құс Жолы» қоры еліміздің 5 медициналық мекемесін жалпы сомасы 142,6 млн теңгені құрайтын реанимациялық, емдеу және ота жасау құрылғылармен жабдықтаған болатын. Осы мекемелерде заманауи медициналық құрал-жабдықтарды қолдану нәтижелері де көңілден шығады:

  • 2011 жылдан 2014 жылға дейін Балқаштың қалалық емханасында реанимациялық құрылғы орнатылған соң, сәбилердің шетінеуі 46% төмендеді. 
  • Шығыс – Қазақстан облысындағы Үржар аудандық ауруханасында жаңа туылған перзенттердің өлімі 2012 жылдан бері 35% төмендеген.

2013 жылы Жамбыл облысындағы Мерке аудандық ауруханасының босану мен операциялық бөлімі толығымен жабдықталған еді. Бұған дейін өлім көрсеткіші 26,8% құраған-ды.