Мемлекет, бизнес және қоғам ресурстарын біріктіре отырып, мүмкіндігі шектеулі 60 кәсіпкерді қолдады

14.05.2013

2013 жылдың 14-ші мамыры, Алматы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «Құс Жолы» қоғамдық қоры Қазкоммерцбанктің қаржылық қолдауымен «Жұлдыздарға қара» — «Посмотри на звезды» біріккен қайырымдылық жобасының нәтижесін жариялады. Аталған жоба аясында мүмкіндігі шектеулі 60 адам өз бизнесін ашып, дамыта алды.

Жоба байқау ретінде 2012-2013 жылдарында еліміздің 14 облысында және Алматы мен Астана қалаларында өткізілді. Жобаның жалпы бюджеті 8 млн. теңгені құрады.

Жобаның мақсаты — 2011 жылдың 1 –ші қаңтардан бастап жеке кәсіпкерлікті тіркеп, жұмысын жаңадан бастаған мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау болып табылады. Ұйымдастырушылар неғұрлым әлеуметтік тұрғыдан әлсіз мүгедектерге және жеке бизнесін жүргізуде тәжірбесі аз жандарға жәрдем берді.

2012 жыл бойы мүмкіндігі шектеулі 136 кәсіпкер өздерінің бизнес-идеяларын ұсынды. Бұл жұмыстарға жергілікті жерлерде «Даму» мен «Құс жолы» қорларының ұйымдастырушылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ танымал кәсіпкерлерден құралған байқаудың қазылар алқасы бағасын беріп отырды.

Байқаудың 60 жеңімпазына жеке бизнестерінің дамуына қажетті тауар мен қызметтерді сатып алуға 100 000 теңгеден тұратын қаржы берілді. (Қаржылық сыйлықтың сомасы 2005 жылдан бері бұл жобаны ұйымдастырып келе жатқан «Құс Жолы» қайырымдылық қорының тәжірбиесі арқылы белгіленген. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалуы жағынан қиындықтары бар, сондықтан олардың бизнестері көбінде үйлерінде ұйымдастырылады әрі қаражат әкелетін бір ғана құралмен жабдықталады — тігін машиналар, үйге қажетті техниканы жөндеуге, аяқ киімдерді жамауға арналған саймандар және т.б.).

Жоба тек жеңімпаздарға ғана емес, сондай-ақ барлық қатысушыларға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының аймақтық кеңселерінде жеке бизнесті жүргізу, бизнес-жоспарларды құру бойынша тегін білімдерін берді. Мұның өзі мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке кәсіпкерлігін дамыту жолындағы үлкен демеу.

Ұсынылған есептердің нәтижелері бойынша «Даму» мен «Құс Жолы» қорлары шешім қабылдап, болашақта өзінің жеке бизнесінің дамуының анық көзқарасын білдіріп, өз идеяларын тиімді іс-жүзіне асырған еліміздің 5 аймағынан және Астана қаласынан іріктелген 13 мүгедекке қосымша 150 000 теңге көлемінде қаржы сыйлауды жөн көрді.

Төменде жеңімпаз гранттарына ие болған адамдардың аты-жөні көрсетілген;

Қызылорда облысы: Мөлдір Әбдіраманова, Ерлібек Жармаханов, Дүйсен Бекенов, Күләш Тілеуова, Балхаш Жаржанова, Орынбек Шаймағанбетов, Айман Бисенова

Астана қ.: Чингиз Ахметов

Ақтөбе облысы: Максим Бектұрғанов, Шынар Темиралина

Батыс-Қазақстан облысы: Тілеген Мұханбетов

Шығыс-Қазақстан облысы: Нәзира Аюпова

Қостанай облысы: Константин Пурынзин 

«Жұлдыздарға қара» — «Посмотри на звезды» жобасын іс-жүзіне асыру мақсатында Қазкоммерцбанктің «Құс Жолы» қайырымдылық қоры мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының мемлекеттік-жекеше әріптестіктің нәтижесінде алынған табысты тәжірбие жобаны 2014 жылы да жалғастыруға өз септігін тигізері анық.

Байқаудың тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырушылар оның ережесі мен шарттарын қайта қарастырмақ. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің жеке бизнесінің кеңеюі әрі болашақта олардың қаржатының көбеюі мақсатына негізделген жобаның іс-жүзіне асыру нәтижелері мен жеңіс гранттарының берілуі бойынша сараптау жүргізу тәжірбиесі өз жалғасын табады.