Мүмкіндігі шектеулі 42 адам грант ұтып алды

05.08.2014

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» байқау жобасының бірінші кезеңінің нәтижелері шығарылды. Аталған жоба "Құс Жолы" қайырымдылық қорымен, Қазкоммерцбанк және "Даму" қорымен ұйымдастырылған.

2014 жылы Қазкоммерцбанк мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің 80 үздік бизнес идеяларын жүзеге асыруға бөлінген ақшалай гранттарды төлеу үшін жобаның жалпы қорын екі есеге, яғни 16 млн.теңгеге дейін өсірді. Бір гранттың сомасы 100 мың, алайда енді қатысушылардың жобасына қарай грантты 200 мыңға дейін көбейтуге мүмкіндік бар. Гранттардың ең жоғарғы шегін өсіру мүмкіндігі туралы шешімді байқауды ұйымдастырушылар өткен жылдардағы қатысушылардың өтініштерін ескере отырып, сонымен қатар экономикалық жағдайдың өзгеруіне, бәрінен бұрын бизнеске арналған жабдықтардың құны өскен соң қабылдады. Сондай-ақ, жыл бойы жиналатын грант алушылардың санын 80 адамға дейін ұлғайтуға шешім қабылдады. Өткен жылдары 60 адамның ғана жобасы жүзеге асқан болатын. 

Байқауға қатысатын барлық үміткерлер (грант алғандар да, алмағандар да) «Даму» Қорының аймақтық бөлімшелерінде бизнес жоспарды жасау және бизнесті жүргізу бойынша тегін тренингтерге қатыса алады. Бұл — мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге жеке бизнесін дамытуға қосымша жәрдем болып табылады.

Бизнес идеялар Қазақстанның 14 облысындағы, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларындағы «Даму» Қорының аймақтық филиалдарында қабылданды. Бірінші кезеңде қазылар алқасы 132 өтінімді қарап, оның 42-сін жеңімпаз деп таныды. Бұл ретте аймақтардағы мүмкіндігі шектеулі жандар ерекше белсенділік танытты.

«Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасы екі кезеңнен тұратын байқау. Бірінші кезеңге қатыса алмаған мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер жобаның екінші кезеңінде өтінімдерін беріп, бақтарын сынай алады. Екінші кезеңге өтінімдер қабылдау 2014 ж. 1 қыркүйегінен бастап 26 қазанға дейін жүргізіледі. Жобаға мүгедектік топқа жататын, жеке кәсіпкерлікпен айналысуды бастаған немесе айналысатын Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары қатыса алады (ЖК куәлігін тіркеген мерзімі 01.01.2012 ж. ерте болмау керек).