«Періште» жобасының тарихы

18.10.2010

Бұл жобаның маңыздылығы республиканың ауылды аймақтағы перзентхана үйлеріне жаңа заманауи құрал-жабдықтар сатып алу арқылы дүние есігін ашқан нәрестелерге жоғары сапалы қызмет көрсетумен байланысты.

2007 жылы «Құс жолы» қоры арқылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жанындағы Қазақстандағы жалғыз нәрестелер хирургиясы мен реанимациясы бөлімі құрал-жабдықтармен жасақталды. Мұның бағасы 36,6 млн. теңгеге бағаланды.

2008 жылы жұмысын бастаған «Періште» жобасы өзінің алғашқы нәтижесін беріп келеді. Айталық, 2008 жылдың күзінде Қазақстанда тұңғыш рет балалардың әдемі суреттерімен безендірілген Visa қайырымдылық картасы шығарылды. Бұл картаның басқа картадан артықшылығы мен айырмашылығы ­– қайырымдылық картаға жыл сайын қызмет көрсету ақшасы банктің кірісіне емес, ауылды аймақтағы ауруханадағы перзентхана үйлеріне жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатып алу үшін «Құс жолының» қорына түсіп отырады.

«Періште» жобасының ең алғашқы нысаны ­– Іле аудандық орталық ауруханасы болды. Мұндағы перзентхана бөліміне қазірдің өзінде жаңа медициналық құралдар іске қосылды.

«Періште» жобасының алғашқы нысаны ретінде Іде аудандық орталық ауруханасы кездейсоқ алынған жоқ. Алматы қаласынан алыс қашықтықта жатқанына қарамастан, бұл перзентхана үйінде туу көрсеткіші 200 пайызды құрайды. Бұл бөлім бір уақытта ауыр жағдайда еді. Әрине тозығы жеткен құрал-жабдықтар кәсіби білігі жоғары дәрігердің небәрі 500 грамм салмақпен туған нәрестені қарап-күтуге қиындық туғызатыны белгілі.

2008 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан мемлекеті нәрестелердің тіркелуінің халықаралық өлшеміне көшкені белгілі. Бұл деген сөз 500 грамм салмақта туған барлық балғындар немесе өмірге тірі қалу белгілерімен келген сәби (кіндіктің соғуы, мускулатураның қысқаруы, тыныс алу және жүрек соғысы) адам ретінде мемлекеттің статистикасына ілігеді. Бұрындары Қазақстан Республикасында салмағы 1 келіден асқан нәрестені ғана статистикаға енгізілсе, жетілмей қалған нәрестені 7 күннен кейін ғана тірі адам санатына қосатын.

Осыған байланысты «Құс жолы» қоры арқылы Іле аудандық орталық ауруханасына бағасы 31 635 536 теңге тұратын замануи құрал-жабдық сатып алу туралы шешім қабылдады. Бұл кувездерге (әлсіз нәрестелерді күтуге арналған инкубаторлар), интенсивті терапияға арналған транспортты инкубатор, сәбидің физиологиясы мен анатомиясын ескере отырып өкпені жасанды жолмен желдеткіргіш құралы, ультра дыбыстық диагностика құралы, сондай-ақ нәрестелер физиологиясы бөлімі залындағы хирургиялық сорғыш құралы жатады.

Қазіргі кезде аурухананың білікті дәрігерлік-медициналық қызметкерлері қазақстандық нәрестелердің өмірін сақтап қалу үшін бұдан да тиімдірек жұмыс істей бастайды!