Сүйікті ісіңмен айналыссаң — сырқатың жеңілдейді

31.08.2012

14.08.2012 ж., Алматы қ. — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мен Қазкоммерцбанктің «Құс Жолы» корпоративтік қайырымдылық қоры ұйымдастырған кәсібін жаңа бастаған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасы бірінші кезеңінің Алматы қаласы бойынша жеңімпазына грант табыс етілді.

Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 1-топтағы мүгедек Қарлығаш Мұхаметова байқау жеңімпазы деп танылып, 100 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Грант қаржысына оған ноутбук, принтер мен модем сатып алынды.

Қарлығаш Мұхаметова 1958 жылы Лениногорскте (қазір Риддер қ.) дүниеге келген. Жеті жасында ауруға шалдықты. Алғашында лейкемия диагнозын қойған дәрігерлер, қателескен. Содан соң, балалар церебралды салдануымен ауырады деді, тағы да қателік кеткен. Шын мәнісінде, оның диагнозы – ревматикалық полиартрит еді. Уақыт өткен сайын, ауруы да асқына берді. Қарлығаш аяғын басудан қалды, ішкі органдары да зақымданып, өсуі тоқтады. Осылайша, өздігімен қозғалуы қиындап, жеке көмекшісіз күн кеше алмайтын жағдайға жетті.
Қарлығаштың бала кезден ермегі – сөзжұмбақтарды шешу болатын. Ол өзі де сөзжұмбақ құрастыра алатынын сезінді. Алғашқы жұмысын қарандаш пен сызғыштың көмегімен дәптерге түсіріп, алғашқы еңбегінің нәтижелерін мерзімді басылымдар мен журналдардың редакциясына жолдады. Осылайша, оның «Экспресс К», «Мегаполис», «Вечерний Алматы» газеттерімен әріптестігі басталды.

2005 жылы Қарлығаш «Жұлдыздарға қара» жобасына қатысып, 50 мың теңгені ұтып алды. Ол қаржыға компьютер сатып алынды. Техниканы игерген соң, дизайнерлік бағдарламаларды үйреніп, сөзжұмбақтарды компьютер көмегімен түзе бастады. Бұл оған күрделі де, қызықты сөзжұмбақтар құрастыруға жол ашты. Бүгінде аталған компьютер ескірді. Сондықтан да тапсырыс берушілердің сұранысын жоғары дәрежеде орындап, өзі де жан-жақты дамудың жолын қарастырған Қарлығаш жобаға тағы бір мәрте қатысуға бел буды. Ол үміті ақталды.

«Жұлдыздарға қара» — «Посмотри на звезды» жобасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мен Қазкоммерцбанктің «Құс Жолы» корпоративтік қайырымдылық қорының мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке кәсіппен айналысуға деген ұмтылысын қолдауға бағытталған. Жоба бөлінген гранттар есебінен мүгедек жандардың бизнес-жоспарларын жүзеге асыруына, сол арқылы табыс тауып, отбасы мүшелері мен өзін қамтамасыз етуіне жол ашады.

Жоба «Даму» қорының әкімшілік ресурстарын, «Құс жолы» қорының тәжірибесі мен технологияларын, Қазкоммерцбанктің қаржылық ресурстарын біріктіріп отыр. Жобаны жүзеге асырудағы басты ұстаным, — іріктеу үдерісінің ашық жүргізілуі. Осы мақсатпен жобаны жүзеге асыруға ақпараттық серіктес ретінде бұқаралық ақпарат құралдары да тартылып отыр. Алматы қаласында жобаға «Вечерний Алматы» басылымы қолдау көрсетті. Басылым беттерінде жоба туралы алдын-ала құлақтандырулар мен байқауға қатысушылар жайлы ақпараттар жарияланып отырды.

Жобаның жалпы бюджеті 8 млн. теңгені құрайды, оның ішінде бір гранттың көлемі 100 мың теңгеге тең. Жасы 18-ге толған, 1 және 2-топтағы мүгедек ( өзінің ЖК  01.01.2011 жылдан бергі мерзімде алғаш тіркеген) бойындағы дарынын, білімін, тәжірибесін пайдалануға, жеке, азаматтық, кәсіби жүзеге асыруға асыруға құлшынысы бар Қазақстан Республикасының азаматтары жобаға қатыса алады.

«Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасы Қазақстанның 14 облысында, сонымен қатар Алматы және Астана қалаларында 2012 жыл бойында екі кезеңмен өткізіледі. Бірінші кезеңге өтініш тапсырып үлгермегендер, байқаудың екінші кезеңіне қатысуға қажетті құжаттарды 2012 жылдың 1 қыркүйегінен 26 қазанына дейін «Даму» қорының Алматы қаласы бойынша аймақтық филиалына өткізуіне болады.

Табыстау рәсімінен әзірленген бейнематериалдарды келесі сілтемеден көре аласыз:

Хабар: http://khabar.kz/kaz/socium/Zhuldizdarga_kara_zhobasinin_birinshi_kezeninin_zhenimpazi_aniktaldi.html

Жобаның басқа да жеңімпаздары туралы толық ақпарат мында.