«Жұлдыздарға қара» — «Посмотри на звезды» жобасы бірінші кезеңінің жеңімпаздары

26.07.2012

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мен Қазкоммерцбанктің «Құс жолы» корпоративтік қайырымдылық қоры ұйымдастырған кәсібін жаңа бастаған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасы бірінші кезеңінің жеңімпаздары анықталды.

«Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасы Қазақстанның 14 облысында, сонымен қатар Алматы және Астана қалаларында 2012 жыл бойында екі кезеңмен өткізіледі. Жобаның  бірінші кезеңінде 12 облыс, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларынан барлығы 51 өтініш келіп түсті. Алматы қаласы мен 8 облыстан 16 кәсіпкер жеңімпаз атанды.

Сая Абашова 1988 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би аулында дүниеге келген. 13 жасында көлік апатына ұшырап, бір аяғынан айрылды. Осылайша 2-топтағы мүгедек атанды. Қызылорда гуманитарлық колледжіне түсіп, «Аудит және бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша оны үздік бітіріп шықты. Шымкент қаласында бухгалтердің оқуын тереңдете оқып, осы мамандықпен түрлі мекемелерде жұмыс істеді. Қазірде Сая компьютерлік қызмет көрсетіп, отбасына қарайласады.

«Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасы грантының көмегімен Сая өз жеке кәсібін бастағысы келеді – үйінде бухгалтерлік және компьютерлік қызметтер көрсету ойында бар. Алдына қойған мақсатын жүзеге асыру үшін Саяға бар жағдай жасалды: грант қаржысына принтер, ламинат жасайтын құрал-жабдық пен компьютер үстелі сатып алынды.

 
 

Максим Бектұрғанов Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының тұрғыны. Мамандығы бойынша Максим тепловоз машинисінің көмекшісі. Еңбек жолын Атырау облысының Мақат станциясының депосында 1985 жылы бастаған. Онда ол 1991 жылға дейін  тепловоз машинисінің көмекшісі болып жұмыс істейді. 1991 жылы буын ауруына шалдығуымен байланысты жұмыстан кетуіне тура келді. Түрлі мамандықтарды игеруге тырысты, құрылыста да жұмыс істеді, ал 2001 жылы мүгедектік алды. 2010 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысуда, көшірме қызметтерін жүзеге асырады.

Максимнің үлкен қызы Танзила Бектұрғанова Атырау қаласындағы жоғарғы оқу орнының бірінде ақылы бөлімде оқиды. Одан кіші екі ұлы да өсіп келеді. Отбасының болашағын қамтамасыз ету үшін Максим Бектұрғанов өз ісін ұлғайтуды ойлайды. Осы мақсатта Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында фотосалон ашуды көздеп отыр. Ендігі жерде оның арманы орындалады. «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасының аясында кәсіпкердің жеке ісін жетілдіру мақсатына фотопринтер, сандық фотоаппарат және компьютердің толымдаушы қосалқы бөлшектері сатып алынды.

Айман Бисенова 1982 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында туылған. 11 жасында қаланың орталық алаңында 1-мамыр мерекесіне орай орнатылған «Алтыбақан» құлап, тағдырдың жазуымен 1-ші топтағы мүгедек атанды. 6-сыныптан бастап үйде білім алған ол, содан соң Қызылорда университетінде «заңгер» мамандығын игеріп , компьютерлік курстар мен ағылшын тілін оқи бастады. 2003-2005 жылдары «Әлемдік корпус» Нью-Йорк халықаралық қоғамдастығының еріктілерімен бірлесіп «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінде жұмыс істеді. Сәл кейінірек Арал қаласының мүмкіндігі шектеулі жандарын қорғау мен қолдауға бағытталған қоғамдық бірлестік құрды.

Қазірде Айман көшірмемен айналысады, компьютерлік қызметтер көрсететін орталық ашу ойында бар. Грант қаржысына Айманға көшірме қызметтерін көрсету үшін ноутбук пен түрлі-түсті принтер сатып алынды.

Аслан Дабылов 1987 жылы Қостанай облысының Амантоғай аулында дүниеге келген, қазірде Рудный қаласында тұрады. ҚР ӘМ ҚАЖК Академиясына түскенімен, 2006 жылы ауыр көлік апатының салдарынан оқуын аяқтай алмады. Ауыр соққы омыртқасына зиянын тигізді. Дегенмен, Аслан қиындыққа мойымай, белсенді жұмыс істей бастады: өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету мақсатында мүгедектерді оңалту Орталығын құрды. «Рудныйдың өмірі» сайтын ашу туралы бастама көтеріп, ол ойын да іске асырды. Берік ұстанымының арқасында оның есімі Қостанай облысы бойынша «Жастардың алтын кітабына» енгізілді.

Таяуда Аслан мен оның әріптестері жиһаз дайындайтын цех ашу туралы жоспарды жүзеге асыруға кірісті. ЖШС ашып, онда табысы орта деңгейлі тұрғындарға арналған жиһаз әзірлемек. Осылайша мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тартуды, сондай-ақ, жиһаз дайындау туралы мемлекеттік сатып алуларға қатысуды көздеп отыр. Грант қаржысына жұмысқа қажетті арнайы құрал-жабдықтар сатып алынды, бұл – Асланның бизнес-жоспарын жүзеге асыруына жасалған алғашқы қадам.

 

Рахимжон Дедаханов Павлодар қаласының тұрғыны. Ауғанстанда интернационалдық міндетін атқарып жүріп, 1-ші топтағы мүгедек атанды. Мамандығы бойынша Рахимжон – тоқыма және тігін шебері. Мүгедектігіне қарамастан, өмір бойы сүйікті ісі – тігін тігумен айналысып келеді. 1984 жылы Павлодар қаласындағы тігін фабрикасына жұмысқа орналасып, тоқыма цехының бастығы қызметіне дейін көтерілді.

Байқау жайында біле салысымен, Рахимжон Дедаханов өз мүмкіндігін жіберіп алмай, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бел буады, оның үстіне, басшылық жасауға тәжірибесі мен білімі толық жетеді. Грантты жеңіп алған ол арманын жүзеге асырмақ. Грант қаржысына тігін өндірісін дамытуға қажетті арнайы тігін машинасы сатып алынды.

Гүлсім Елекбаева Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Шұбаршы аулында дүниеге келген. Ойыл ауданындағы Құрманов атындағы мектептің 9 сыныбын тәмамдаған Гүлсімнің орта-арнаулы оқу орнына түсуге мүмкіндігі болмапты. Бала кезінен қолөнер шеберлігі, тоқу ісімен айналысады. 22 жасында ауруға шалдығып, оған «ішінара сал болу» диагнозы қойылды. 2001 жылы медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес Гүлсімге 2-топтағы мүгедектік берілді. Ал 2004 жылы- 1-топтағы мүгедектікке ауыстырылды. Ұзақ жылдарға созылған ауру мен арбаға таңылу Гүлсімді әбден титықтатып, өмірге деген қызығушылығын төмендетті. Оны емдеуші дәрігерінің бір іспен айналысуың керек деген кеңесі сақтап қалды. Осылайша ол бала кездегі әуестігіне қайта оралды. Гүлсімнің қолынан шыққан тоқыма дүниелер ауылдастарының сұранысына ие болды.

«Менің күнделікті тіршілігім өзгерді, өмірге деген құлшынысым артты. Осылайша тоқыма заттарына тапсырыс қабылдай бастадым, сұраныстың көп болғаны соншалық, 2011 жылы жеке кәсіпкерлігімді тіркеуге мүмкіндік алдым. Тоқу өнері көп уақытты қажет ететіндіктен, гранттың ақшасына тоқыма машинасы мен  басқа да қажетті дүниелерді сатып алғым келеді», — дейді Гүлсім.

 

Күлсара Елеусізова 1964 жылы туылған, Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының тұрғыны. 1989 жылы Волгоград облысы Калач-на-Дону қаласындағы Ауылшаруашылық техникумын «бухгалтер» мамандығы бойынша тәмамдаған. 4 жасар бала кезінде жұлынның қабынуы ауруына шалдығып, соның салдарынан 1-ші топтағы мүгедек атанды.

Жеке кәсіппен айналысу, тұтынушыларға татуаж қызметін ұсыну туралы ол ұзақ ойланған. Үйретуші курстарда тәлім алғанында бизнесін ашу туралы идеясы одан әрі беки түсті. Осылайша отбасын қамтамасыз етуге болатынын түсінді. Грант қаржысына Күлсара Әбілқайырқызы жұмыста қолданатын жабдықтар: электр аппараты, үстел шамы, жастықты тақтай төсек және басқа да қажетті заттар (ауруды сездірмейтін крем, бояу және т.б.) сатып алынды.

 

Алтай Жұмағали Алматы облысы, Ескелді ауданының Қарабұлақ аулында тұрады. 1995 жылы арақкеш жүргізушінің кесірінен 1-ші топтағы мүгедек атанды. Бірнеше күрделі операция мен оңалту шараларына бес жыл уақытын сарп етті. Одан соң шаруа қожалығына фрезерлеуші болып жұмысқа орналасты, бірақ қожалықтағы шаруа да көп ұзамай тоқтады. Содан соң жеке такси болып, күнделікті нәпақасын айырып жүрді. Қазірде Алтай мүгедектердің «Демеу» қоғамдық бірлестігінің спорт секторын басқарады. Сонымен қатар І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің күндізгі бөлімінде 4-курста оқып жүр. Спортпен, оның ішінде ауыр атлетикамен айналысады, 100 келіден жоғары салмақтағы дәреже бойынша бірнеше мәрте жүлделі орындарды иеленген.

Алтай былғарыдан дайындалатын бұйымдарды – аяқ киім, киім, көлік орындықтарының қабы, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды жасап, жөндеуден өткізумен айналысуды жоспарлап отыр. Грант қаржысы осы жұмысқа қажетті жабдықтар, құрал саймандар мен басқа да қосымша уақ-түйектер сатып алуға жұмсалмақ.

Андрей Игнатов 1972 жылы Семей қаласында туылған. Бала кезінен көру қабілетінің төмендігінен қалыпты мектепке бара алмай, көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатта оқыды. Бертін келе радиоэлектроникамен әуестенді, оның осы салаға ерекше қызығушылығы мен дарынын байқаған ОКТУ – 5 ұстаздары аталған оқу ордасына Андрейді емтихансыз қабылдады. Содан соң институтта «радиомеханик» мамандығын игерген ол жұмысқа орналасты. Бірақ, ауруы асқынып, 1994 жылы оң көзіне қан құйылды. Одан әрі мамандығы бойынша жұмыс істеу мүмкін болмады. Бірде күзетші, бірде қара жұмысшы болған Андрей онда да еңбектенуін тоқтатпады. 90-жылдардың соңында оның компьютерге деген қызығушылығы оянып, оператордың курсын бітірді. Қазірде дизайн, түрлі құрылғылар мен компьтерді күрделі жөндеумен айналысады.

«Жеке кәсіппен айналысып, қаржылай тәуелсіз болуды өмір бойы армандадым»,- деп жазыпты Андрей «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасы грантын алуға тапсырған өтінішінде. Өз кәсіпорнын ( жиһаз дайындап, компьтерлерді жөндеу) ашу үшін оған қомақты қаржы қажет. Төлем қабылдап, компьютер жөндейтін ол қазірден бизнесіне қажетті қаржыны жинауға кіріскен. Қайырымдылық жобасының жеңімпазы атанған Андрей, арманына бір қадам жақындай түсті. Грант қаржысына оған жиһаз бен тауарды орналастыратын тақтайшалар жасауда пайдаланылатын электр құрылғылары сатып алынды.

Фаниль Каримов Павлодар қаласының тұрғыны, техникалық техникумның түлегі. МАЭС-те темір ұстасы болып жұмыс істеген, өндірістегі жарақат салдарынан 1-ші топтағы мүгедек атанды. Ол кезде Фаниль 26 жаста еді, кішкентай баласы мен әйелін, отбасын асырау қажет болды. Тағдыр тәлкегіне қарамастан, Фаниль Минулұлы ашықжарқын қалпын, белсенділігін жоғалтқан емес, спортпен айналысады.

Байқау туралы естігенде, сөздеріне қарағанда, «өзін толыққанды адам сезініп, еңбек етуге талпынысы бар мүгедек жандарды жұмыспен қамтуға бел буыпты». Өзі де жаңа кәсіпті игерген: тұрмыстық заттарды жөндеуден өткізіп, киім тігіп, аяқ киім мен киімді жөндеумен айналысады. Қазірде кәсібін кеңейткісі келеді, осы мақсатқа грант қаржысына екі тігін машинасы сатып алынды.

Алмат Қасымов 1969 жылы туылған, Қостанай қаласының тұрғыны. 2001 жылы басынан ауыр соққы алып, бірнеше ота жасалды. 2011 жылы Алмат өсімдік шаруашылығымен айналыса бастайды. Шаруасын үй іргесіндегі жеке жер телімін игеруден бастаған ол онда қияр мен қызанақ отырғызады. Сол жылы құс шаруашылығымен де айналысуға бел буып, бір топ үйрек, тауық, түйетауық сатып алады. Алматтың жұмсаған қаржысы ақталды, тіпті біршама табыс тапқан.  Нақ осы жұмыспен айналыса бастауы оның көңіл-күйін жақсартып, отбасын сақтап қалуына септігін тигізіп қана қоймай, өз күшіне сенімділік пен болашаққа деген үміттің пайда болуына әсер етті.

«Грантқа мен кәсіпкерлікпен айналысуыма қажетті бір топ үйрек пен қаз балапандарын сатып аламын. Қазір мен өз қаржыма қысқы құс қорасын салып жатырмын, құрылысы аяқталуға жақын, ішін жылытатын жабдықтар орнатудамын. Ал құстардың жазда түнейтін қашасы дайын. Әйелім мен екі ұлым маған аянбай көмек көрсетеді, отбасылық мақсатымызды жүзеге асыру жолында біз бірлесіп әрекет етудеміз»,- дейді өз мақтанышын жасыра алмаған Алмат Қасымов. Грант қаражатына Алматтың шағын құс фермасына үйрек пен қаз балапандары сатып алынды.

Ләзат Керімқұлова 1970 жылы Алматы облысындағы Куйбышев аулында дүниеге келген. 13 жастан асқан шағында денсаулығы нашарлай бастайды. Ләзат жаратылысында көңілді, ашықжарқын адам, сондықтан да ешқашан мойымайды. Оның сүйікті шаруасы – іс тігу, осы жұмыспен жылдар бойы айналысып келеді. 2003 жылы Ләзаттың кішкене қыздарды құрақ көрпе тігу мен тоқуға баулып жатқаны жайлы деректі фильм түсірілген. 2006 жылдан бері ол үйінде жастыққап тігеді.

Ләзат «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасында бағын сынау үшін тапсырған өтінішінде көпшілік тұтынатын өнімдерді үлкен көлемде тігу үшін кәсібін кеңейткісі келетінін жазған. Сондай-ақ бір пішуші әйелді көмекші санатында жанына жұмысқа алу да жоспарында бар. Бұл ойын іске асыру үшін Ләзатқа грант қаржысына көпқызметті электр тігін машинасы мен қосымша қажетті дүниелер (мата, жіптер, уақ-түйек заттар) сатып алынды.

Калия Қиясова 1968 жылы туылған, қазірде ОҚО, Сайрам ауданы, Тассай аулында тұрады. Қарақалпақстан Республикасында туып –.өскен Калия бала кезінен орта дәрежелі темір жетіспеушілігінен болатын қан аздық пен буын ауруларымен ауырған. Жас қосылған сайын ауруы да өршіп, соның салдарынан 1-ші топтағы мүгедек атанды.

Калия 1985 жылы Нүкіс мемлекеттік университетінің роман-герман филологиясы факультетіне оқуға түседі. Ауруына қарамастан, оқуын жалғастырып, ғылыммен айналысады. 2004 жылы еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында кандидаттық диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алады. 2009 жылы бизнеспен айналысуға бел буып, «Полиглот» тілдер орталығын ашқан. Грант қаржысына осы тілдер орталығына қажетті жаңа компьютер мен принтер сатып алынды.

Тілеген Мұхамбетов 1955 жылы Батыс Қазақстан облысында, Мирный аулында дүниеге келген. Ауыр соққы алуымен байланысты 5 жасында оның көру қабілеті төмендей бастады, ал 13 жасқа толған шағында көз жанары мүлдем көруден қалды. Тілеген жаратылысында ашықжарқын, қиындыққа мойымайтын жан. Сондықтан болар, ол ауыр науқасына налып, өмірден түңілмеуге тырысады. 1974 жылдан бері Орал қаласындағы көзі көрмейтін және нашар көретін жандардың қазақ қауымдастығына қарасты өндірістік мекемеде еңбек етіп келеді. Бірнеше мәрте кәсіподақ төрағасы болып сайланған.

Тілеген «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасына қатысу үшін жолдаған өтінішінде, грант қаржысына суарма моторы мен полипропиленді құбыр сатып алғысы келетінін жазған. Жеке кәсібін бастау туралы көптен армандаған, дегенмен, Тілеген мен оның жарының көздері көрмейтіндіктен, жарымжан жандардың мүмкіндігі шектеулі. Жеке кәсібін жүргізу үшін оларға сенімді көмекші қажет болды. Қазірде ұлы ер жетті, ата-анасына жәрдемдесуге қауқарлы. Отбасының шаруа қожалығына қажетті жері де бар, олар соңғы үш жылда көкөніс шаруашылығын өркендетуге қатысты ақпараттарды сараптаған. Грант қаржысына сатып алынатын құрал-жабдықтар Мұхамбетовтар жеке шаруашылығынан жиналатын өнімнің сапасы мен көлемін арттыруға сеп болмақ.

Мұхаметова Қарлығаш 1958 жылы Лениногорскте (қазірде Риддер қ.) дүниеге келген. Жеті жасында ауруға шалдықты. Алғашында лейкемия диагнозын қойған дәрігерлер, қателескен. Содан соң, балалар церебралды салдануымен ауырады деді, тағы да қателік кеткен. Шын мәнісінде, оның диагнозы ревматикалық полиартрит еді. Уақыт өткен сайын, ауруы да асқына берді. Қарлығаш аяғын басудан қалды, ішкі органдары да зақымданып, өсуі тоқтады. Осылайша, өздігімен қозғалуы қиындап, жеке көмекшісіз күн кеше алмайтын жағдайға жетті.

Қарлығаштың бала кезден ермегі сөзжұмбақтарды шешу болатын. Ол өзі де сөзжұмбақ құрастыра алатынын сезінді. Алғашқы жұмысын қарандаш пен сызғыштың көмегімен дәптерге түсіріп, алғашқы еңбегінің нәтижелерін мерзімді басылымдар мен журналдардың редакциясына жолдады. Осылайша, оның «Экспресс К», «Мегаполис», «Вечерний Алматы» газеттерімен әріптестігі басталды.

2005 жылы Қарлығаш «Жұлдыздарға қара» жобасына қатысып, 50 мың теңгені ұтып алды. Ол қаржыға компьютер сатып алынды. Техниканы игерген соң, дизайнерлік бағдарламаларды үйреніп, сөзжұмбақтарды компьютер көмегімен түзе бастады. Бұл оған күрделі де, қызықты сөзжұмбақтар құрастыруға жол ашты. Бүгінде аталған компьютер ескірді. Сондықтан да тапсырыс берушілердің сұранысын жоғары дәрежеде орындап, өзі де жан-жақты дамудың жолын қарастырған Қарлығаш жобаға тағы бір мәрте қатысуға бел буды. Ол үміті ақталды.

Орынбек Шаймағамбетов 1976 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында туылған. Тоғыз жыл бұрын көлік апатына ұшырап, екі аяғынан айрылды. Әйелі мен кішкентай екі баласын асырауға шамасы жетпеді. Отағасының жұмыссыздығынан әбден тарыққан әйелі аз ғана жалақыға зертханашы болып жұмыс істеді. Сол кезде үйде бос отырмайын деп, анасынан қалған тігін машинасымен жастыққап пен көрпенің тысын тіге бастады.

Осылайша Орынбектің тігін тігіп, табыс табуға болатынына көзі жетті. Шебердің көмекшісі – құдай қосқан жары – Жеміскүл Баймұратова. Маталардың түсін, шаруаға қажетті қосымша уақ-түйектерді таңдап, тапсырыс жасаушыларды да сол табады. Сұраныс көп болғанда, ол да тігін машинасына отырады. Орынбек қазірде, көбінесе, ұзатылар қыздың жасауын тігеді. Қазірде жеке кәсібін кеңейтуді ойластырып жүр. Грант қаржысына жұмысқа қажетті жаңа тігін машинасы мен маталар сатылып алынды.

***

«Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасының  жалпы бюджеті 8 млн. теңгені құрайды, оның ішінде бір гранттың көлемі 100 мың теңгеге тең. Жасы 18-ге толған, 1 және 2-топтағы мүгедек ( өзінің ЖК  01.01.2011 жылдан бергі мерзімде алғаш тіркеген) бойындағы дарынын, білімін, тәжірибесін пайдалануға, жеке, азаматтық, кәсіби жүзеге асыруға асыруға құлшынысы бар Қазақстан Республикасының азаматтары жобаға қатыса алады.

Бірінші кезеңге өтініш тапсырып үлгермегендер, байқаудың екінші кезеңіне қатысуға қажетті құжаттарды 2012 жылдың 1 қыркүйегінен 26 қазанына дейін «Даму» қорының аймақтық филиалына өткізуіне болады.